Ақ жайлау-қазақ мәдениетімен танысудың жаңа орны

Назарбаев Университетінде студенттердің ынта-ықыласымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Инновациялық зияткерлік технологиялар академиясымен бірлесе отырып және Назарбаев университеті басшылығының қолдауымен «Ақ жайлау» Қазақ мәдениетінің ресурстық офисі (Cultural Resource Room) ашылды.

Офистің «Ақ жайлау» деп аталуы  тегін емес. Қазақ менталитетінде дала – басты байлық, оның бейнесі мәңгілік және өмір серпінділігінің көрінісі болып табылады. Қазақтардың мәдени кодындағы дала – еркіндік пен шығармашылық, шыдамдылық пен төзімділік , кеңшілік пен энергияның бейнесі.

Офистің салтанатты ашылу рәсіміне НУ Студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Вице-президенті Қадиша Даирова, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің деканы Дэниел Пью, НУ профессорлары, түлектері, студенттері мен қызметкерлері қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Вице-президент Қадиша Даирова бұл офис өз алаңында Назарбаев Университетінің барлық қауымдастығын – студенттерді, түлектер мен жас мамандарды, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрпы мен мәдениетімен танысқысы келетін оқытушы-профессорлар құрамын біріктіре алатынын айтты.

Профессор Гүлтас Құрманбай, НУ «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының жетекшісі кез келген адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін ұлттық бірегейлік пен өзіндік ерекшелікті сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда бұл офистің маңызын жас қазақстандықтардың өсіп келе жатқан ұрпағы үшін асыра бағалау қиын. Жаңа орталықтың есіктері Ұлы даланың мұрасымен танысқысы келетіндердің бәріне де ашық.

“Ақ жайлау” қонақтары қазақ халқының ұлттық тұрмысын тамашалап, музыкалық аспаптарда ойнап, ұлттық ойындармен танысып, қазақ әдебиетінің фолианттарын оқи алады. Бұл офис фильмдерді көрсетуге және музыканы тыңдауға арналған техникамен жабдықталған. Офис тәжірибе алмасу, университеттік қауымдастықтың идеялары мен бастамаларын талқылау алаңына айналады деп болжануда. НУ студенттері, қызметкерлері, оқытушылары мен қонақтары «Ақ жайлауда» көрмелер мен әдеби кештер өткізіп, қазақ тілін үйреніп, кітаптарды оқып, талқылап, Қазақстан туралы бейнематериалдарды көре алады.