АҚШ Елшілігінің грантын ЖББМ түлектері жеңіп алды

Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебі түлектерінің жобасы АҚШ пен Қазақстан университеттері арасындағы әріптестік гранттарына үміткер үздіктердің 13% – ы қатарына енді.

Жоба бойынша Жұлдыз Аманқұлова (Миннесота университетінің докторанты) және Доктор Лаура Қарабасова (НУ ЖББМ постдокторанты) Миннесота университетінің ғалымдар командасының құрамында жұмыс істеді. Өтінімдерді АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік және Орталық Азия бюросы, АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы Елшілігі және халықаралық білім беру жөніндегі американдық кеңестер өкілдерінен тұратын іріктеу комиссиясы қарады.

Жоба оқытушылар арасындағы пәнаралық байланыстарды дамытуға арналған және оларды оқытудың инновациялық тәсілдері мен әдістерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағдарлама аясында Миннесота университеті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен (ОҚУ) ынтымақтастық орнатады. Екі ЖОО бірлесіп ағылшын тілі мен жаратылыстану-ғылыми пәндер оқытушыларын кәсіби дамыту, сондай-ақ ағылшын тілін оқу процесіне интеграциялау бойынша тиімді іс-шаралар әзірлейтін болады.

АҚШ және Қазақстан университеттерінің әріптестік бағдарламасының грантын АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы Елшілігі қаржыландырады. Оның мақсаты – Қазақстанның жоғары оқу орындарымен жаңа әріптестік қарым-қатынастарды орнатуға көмектесу, сондай-ақ қазіргі қарым-қатынастарды нығайту.