2013-2014 оқу жылына Назарбаев Университетіне 3282 талапкер тіркелді

Назарбаев Университетінің университет алдындағы дайындық бағдарламасына  2013-2014 оқу жылына  3282 талапкер тіркелді. Тіркеу университет порталында  2012 жылғы 1 қарашада ашылды және 2013 жылғы 31 қаңтарда аяқталды. Биыл университет тарихында тұңғыш рет талапкерлер арасындағы қыздар мен ұлдардың саны тең болып шықты – 1641/1641.

Өтінімдер Қазақстанның барлық өңірлерінен және басқа да елдерден (Әзірбайжан, Үндістан, ҚХР, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, АҚШ, Тәжікстан және Өзбекстан) келіп түсті. Бұл ретте тіркелген талапкерлердің 20% – астаналықтар, 19% – алматылықтар,  8% – Шығыс  Қазақстан облысынан. Талапкерлердің ең азы Атырау (2%), Солтүстік Қазақстан (2%) және Маңғыстау (2%) облыстарынан.

Талапкерлер таңдап алған факультеттердің ішінде бірінші орында Инженерия мектебі – 38 % жуық; Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі – 34%; Ғылым және  технологиялар мектебі – 29%. Өткен жексенбі күні, 3 ақпанда Астана және Алматы қалаларында APTIS ағылшын тілі білім деңгейін тексеру бойынша бірінші емтихан өтті.
2013 жылдың наурыз айында Назарбаев Университеті  университет алдындағы дайындық бағдарламасын оқытпай, тікелей бакалавриат бағдарламасына студенттерді қабылдайтын болады. Осы талапкерлерді оқуға қабылдау ережелері мен онлайн-тіркеу университеттің сайтында жарияланатын болады.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Назарбаев Университеті  Жоғары Бизнес мектебінің, Жоғары Мемлекеттік саясат мектебі мен Жоғары Білім беру мектебінің магистрлік бағдарламаларына талапкерлерді қабылдап жатыр. Сондай-ақ осы бағдарламалар бойынша мемлекеттік білім беру гранттары берілетін болады.

Бүгінгі таңда Назарбаев Университетінде 1500-ге жуық студент білім алып жатыр.  Университеттің алты мектебі бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша  академиялық бағдарламаларды ұсынады.

Назарбаев Университеті  Коммуникация және маркетинг департаменті:
010000, Астана, пр.Кабанбай батыра, 53, каб.1115
+7(7172)706090, 706087, 706089, 706131
pressa@nu.edu.kz